Сот жүйесіндегі - мемлекеттік тіл!
26.05.2020 10:17Сот жүйесіндегі - мемлекеттік тіл!
Ел тәуілсіздігінің ең маңызды нысаны – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тіл – тәуелсіз ұлттың мәдениеті мен рухани болмысының негізгі тірегі.
Сондықтан да, ол – ұлттың өзгеден даралығын анықтайтын жалғыз да айрықша белгісі. Қай ұлт болсын тілі арқылы ғана ерекше болмысы мен табиғи қалпын, өзіндік салт – дәстүрін көрсете алады. Мемлекеттік тілді білу, дамыту және құрметтеу әр азаматтың борышы деп санаймын!
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу.
«Конституциясының 7-бабы 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп танылса да, осы баптың 2-тармағында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп көрсетілген. 1998 жылы қабылданған ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 30-бабына, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес елімізде қылмыстық және азаматтық сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады.
Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындық барысында талапкердің не талапкердің өкілінің жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгертуге болады. Ал, іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы тұлғаларға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу Азаматтық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
Мысалы, Көкшетау қалалық сотының 2019 -2020 ж.ж. Азаматтық істер бойынша 4 айлық есептік көрсеткішке талдау жасайтын болсақ. 2019 ж. сотқа жалпы 2656 талап арыз келіп түскен, оның 343-ші қазақ тілінде, 60 – орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан , ол дегеніміз жалпы есеппен 13% құрайды. Ал, 2020ж. 2760 талап арыз келіп түскен, оның 399-зі қазақ тілінде, 31-рі орыс тілінен қазақ тіліне ауысқан, жалпы есеппен 14,5% құрайды.
Осы көрсеткіштерді қорытындылай келсек, жалпы қазақ тілінде іс жүргізу баяу болсада, жылдан – жылға өсіп келеді. Бұл сот жүйесіндегі қазақ тілінің тек бастамасы ғана деп сенеміз!
Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілің – тірлік үшін дей отыра, бірлігіміздің беріктігі мен ана тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!!!
Көкшетау қалалық сотының