Уважаемые читатели, злопыхатели, фанаты и PR-агенты просим продублировать все обращения за последние три дня на почту [email protected] . Предыдущая редакционная почта утонула в пучине безумия. Заранее спасибо, Макс

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі

20.08.2020 13:31

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі

 

Көкшетау қаласының

мамандандырылған тергеу сотының бас маманы

Г.Омарова



«Ана тіл – бəріміздің анамыз, Өйткені ол – ұлтымыздың анасы». Н.Ə.Назарбаев Тіл – халықтың жаны. Тілі құрыса, халықта жер бетінен жоғалады. Адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің өшіп кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғанын ғылым дəлелдеп отыр. Бүгінгі қазақ қоғамындағы мəңгүрттіктің басы да өз тілін тəрк етуден туды. Тілі мен дінінен айырылған ондай жан рухани кемтарлығын, адамдық болмысын түсінбей, көлденең көк аттының қолжаулығына айналады. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз қам-қарекетсіз болған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл тəуелсіздігін ту етіп көтерген Əлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс соның айғағы. Қазақстан – егеменді, тəуелсіз ел. Қазақстанды дамыған өркениетті елу елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз – бүгінгі жастар. Олардың міндеті – елінің намысын қорғап, оны əлемге таныта білу. Əлемге таныту үшін əр жас өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының тұрғылықты халқы қазақ халқының жəне оның шекарасынан тыс өмір сүріп жатқан қазақтардың ұлттық тілі. Қазіргі қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Қазақ тілінің сөздік құрамы өте бай, оған 67 мың тізімдік сөз, 24,5 мың фразеологиялық тіркес – барлығы 91,5 мың лексикалық бірлік кірген бір ғана он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» куə бола алады. Қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіреді (татар,башқұрт, қарашай- балқар,құмық,қырым-татар,қарақалпақ,ноғай) жəне ол, əсіресе, ноғай, қарақалпақ тілдеріне жақын болып табылады. Қазақ жазуы 1929 жылға дейін араб графикасын, ал 1929-1940 жылдары латын графикасын қолданған.1940 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін орыс графикасын қолдануда. Мемлекеттік тіл,яғни,қазақ тілі – əлемдегі алты мыңға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша жəне жазбаша тіл мəдениеті қалыптасқан алты жүз тілдің жəне мемлекеттік мəртебеге ие екі жүз тілдің қатарында тұр. Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс - əдебиетін, əдет - ғұрпын,мəдениетін,əдебиетін,тілін білуі міндетті. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес.Əлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол əрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал, бұлардың бəрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж.), «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы (1996 ж.) жəне осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң (1997 ж.) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін жəне тіл алуандығын көздейді. Республикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мəртебе беріліп отыр. Қазақстан Республикасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің бірнеше алғы шарты бар. Атап айтқанда, сол тілді қолданушылардың санының жеткілікті болуы, табиғи жəне табиғи емес тілдік ортаның болуы, республиканың барлық аймақтарына таралуы, қоғамдық өмірдің əр алуан саласында қызмет етуі жəне ауызша əрі жазбаша түрде қызмет етуі сияқты сыртқы факторлардың болуы, сондай-ақ қазақ тілінің құрылым жүйесі жетілген, лексика-фразеологиялық қоры аса бай, ежелден келе жатқан жазба жəне ауызша дəстүрі бар ұлттық тілдердің бірі ретіндегі ішкі тілдік факторлардың болуы – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуіне мүмкіндік береді. Сонымен, қазақ тілі – дəстүрлі, тұрақты, қатаң тілдік нормасы бар, стильдік тармақтары сараланған, жалпы халықтық тілден ұлттық деңгейге көтерілген тіл. Мемлекеттік тіл – көпұлтты мемлекетте халықтың ұлттық құрамына қарамай іс-қағаздармен, мектеп пен жоғарғы оқу орындарында оқыту,мəдениет, баспасөз бен байланыс орындарында, құқық қорғау мен əскер бөлімдерінде, сот істерін жүргізу т.б. міндетті деп саналатын саяси- құқықтық қасиеті бар мəртебелі тіл. Мемлекеттік тілді жан-жақты дамыту жəне оның қолдану аясын кеңейту үшін мемлекет тарапынан белгілі бір уақытқа жоспарланған жан- жақты бағдарламалар жасалады. Мемлекеттік тіл əрдайым мемлекеттің қорғауында жəне оның қамқорлығында болады. Мемлекет басшысы Н.Ə.Назарбаев: «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан əрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Сонымен бірге елімізде тұратын барлық халықтардың өкілдері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына, оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсеткен болатын. Тіл тағдырын толғану – əрбір қазақстандықтың абыройлы борышы.

 

 

Новости