Уважаемые читатели, злопыхатели, фанаты и PR-агенты просим продублировать все обращения за последние три дня на почту [email protected] . Предыдущая редакционная почта утонула в пучине безумия. Заранее спасибо, Макс

Жасампаз да өміршең құжат!

28.08.2020 10:28

Жасампаз да өміршең құжат!

 

Биыл ел тарихында елеулі орын алған, жарқын болашаққа бастау болған Ата Заңымыз - Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өткелі отырмыз.

Дүбірге толы дүние екі ғасыр тоғысында елімізге түбірлі өзгерістер әкелді. Бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықтың ақ таңы атып, егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекетке айналдық. Тыңнан түрен салып, демократиялық даму жолына түстік. Іркілістері де аз болмаған ізденісі мол жылдарды да бастан өткердік. Бұл жылдардың жемісті де жеңісті болғаны ақиқат. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінде әлемдік кеңістік пен үндестік тауып, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолында көптеген тамаша табыстарға қол жеткізіп отыр. Ең бастысы біз, мемлекетіміздің орнықтыру мен қоғамның тыныс-тіршілігін, бағыт бағдарын айқындап берген өз Ата Заңымызды - Қазақстан Республикасы Конституциясын қабылдадық.

Арғы тарихқа жүгінер болсақ, өз медениеті болған дала өркениетінде де белгіленген заң ережелері болған. «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы», дау-дамайды бір ауыз кесімді сөз, кесікті шешіммен реттеп отырған билер институты... осының бәрі де демократиялық принциптен Конституциялық негіз болмады деп кім айта алады.

Бергі тарихқа көз салсақ, күні кешегі унитарлық-тоталитарлық жүйе құрамында болған кезді қоса есептегенде Қазақстанның бүкіл тарихында бес Конституция қабылданғаны, олардың бәрі де ұлттық автономиядан бастап, мемлекеттік тәуелсіздікпен егемендікке дейін мемлекетіміздің белгілі бір даму кезеңдерін белгілегені хақ.

Осы орайда, Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретіндегі 1993 жылғы қабылданған тұңғыш Конституциясының тарихи маңызы болғандығын атап өткіміз келеді. Қазақстанды демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет деп жариялаған бұл Конституция демократиялық бағыт ұстанған жаңару кезеңінің Конституциясы болды. Алайда, бұл Конституцияда Қазақстан республика деп танылғанымен, нақты қандай республика екені көрсетілмеген еді және республика қызметінің түбегейлі принциптері айқындалмаған болатын. Ол тұста Қазақстанда президенттік те, парламенттік те республиканың белгілері болды. Оған қоса нарық экономикасына байланысты күнделікті туындап отырған талаптарға, оны іске асыру мақсаттарына, мемлекет ұстануға тиіс жаңа ағымдағы стратегиялық бағыт-бағдарына толық жауап бере алмады. Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы қайшылықтарды реттеу тетіктері де нақтыланбаған болатын. Қысқасы, жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болуға осалдық танытты.

Конституцияның осы және басқа да кемшін тұстарын толықтырып, негізгі принциптерді айқын да анық етіп белгілеу мақсатында өмір өзі алға жаңа да толыққанды Конституция қабылдау керектігін ұсынды. Бұл уақыт талабы еді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен осы бір кезек күттірмес күрделі мәселеге кешіктірмей тез арада бел шешіп кірісу міндеті тұрды.

Сөйтіп, әбден сарапталып, сұрыпталған Конституция жобасы халық сүзгісіне шығарылды. Конституция жобасын талқылауға бүкіл халық бар ынта-ықыласымен қызығушылық танытып, атсалысқаны есімізде. өйткені, негізгі Заң - әрбір жекелеген азаматтың өмірдегі қарым- қатынасының, күнделікті іс-әрекетінің негізі, ол, бүкіл еліміздің бітім-болмысы. Конституцияның 1-бабында «мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деп атап көрсетілген. Конституция жобасының бүкілхалықтық талқылаудан өтуінің өзі әрбір адамның жеке құқығына берілген еркіндік деп сезінген ел, жаңа Конституцияны қанағаттанғандық сезіммен қабылдағаны да жадымызда. Осыған орай жаңа Конституцияда адам құқығы жөніндегі Бүкіләлемдік декларацияға сәйкестендіріліп 30 баптан тұратын «Адам және азамат» атты жаңа бөлім қосылғанын, содан Конституциямызда қай салада да халықаралық нормаларға сай келетін ережелер белгіленгенін риза сезіммен айта кеткіміз келеді.

Расында да осы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған, бүгінге дейін ел игілігіне мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Конституцияны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең үлкен жетістігіміз деп бағаласақ, артық айтқандық емес. Бұл, Конституцияда жоғарыда айтылған және басқа да кемшіліктер түгел реттелді.

Біріншіден, Конституцияның екінші бабы айқын белгілеп бергендей, Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет боп танылды. Яки, Қазақстан президенттік республика болып жарияланып, президенттік басқару жүйесі нақтыланды. Бұл дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды. Өйткені, тап сол тұста қоғамды саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан алып шығу үшін күшті әрі топтасқан билік жүйесі аса қажет еді.

Екіншіден, жаңа Конституция бойынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі боп үш тармаққа бөлінді.

Ата Заңымызда осы үш билік тармағының өзара және мемлекет басшысының билік тармақтарымен арақатынасы нақтыланды.

Үшіншіден, көппартиялық негіздегі саяси жүйе қалыптасты, парламентаризмнің негізі қаланып, қос палаталы Парламент дүниеге келді. Соның нәтижесінде бүгінде тиісті тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлігі шыңдалған Парламентте қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан жүздеген заңдар қабылданып, артында жарқын іздер қалдыруда.

Төртіншіден, Конституцияға жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімінің енгізілуі де халықаралық үрдістерге сай келеді. Бұл бұрынғы Конституцияда жоқ болатын. Жергілікті өзін-өзі басқару институтының танылуы - әрбір азаматтың өз ой-жоспарларын жүзеге асыру, азаматтық бастамашылдығын көрсету мүмкіндігі болуын, жергілікті маңызды мәселелерді халықтың дербес шешуін қамтамасыз ету деген сөз. Бұл жаңа Конституцияның жетістігі.

Бесіншіден, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысында анықталып, ол сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты. Елімізде қарқынды түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісімен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты. Айталық, қылмыстық істерді тергеу мен қарау тәртібін бұрынғыдан да оңайлату мақсатында Қазақстан Республикасы іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы қабылданды. Алқабилер институтының тиімді түрін енгізудің жолдары ғылыми талдаудан өтіп, 2007 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап заң қолданысқа еніп, бүгінгі күні тиімді қолданылуда. Мамандандырылған соттар орнықтырылып, республикамызда қазір мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, тергеу және кәмелетке толмағандарға арналған соттар жұмыс істеуде. Дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізудің мүмкіндіктері жан-жақты зерттеле келе, «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдар қабылданды. Қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіне деген сот бақылауы күшейтіліп, 2008 жылдың 5-ші шілдесінде қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіліп, алғашқы тергеу кезінде сезіктіге, айыпталушыға қамау, үй қамауында ұстау, бұлтартпау шарасына санкция беру прокуратурадан сотқа өтті. Ол заң 2008 жылдың 30-шы тамызынан бері қолданыста. Осы және басқа да бағыттағы сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралардың бастауы сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата Заңымыздың арқауында жатқанын айту ләзім.

Конституциялық Кеңес де осы Ата заңымыздың аясында дүниеге келді. Бұл да өте құптарлық жай. Өйткені, Конституциялық Кеңес Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз етумен бірге, қабылданатын заңдардың Заңға сәйкестігін бақылайды және оның сапасына да кепіл болады.

Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік тіл статусы да айқындалды.

Бүгінде халық қоғамның барлық тыныс тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заң арқылы ғана шешілетінін түсінді. Сөйте тұра, кейбіреулер өз өмірі, құқығы мен бостандығын қорғайтын заңды меңгеруге құлықсыз. Содан келіп, заңды білмеуінен, дәлірек айтсақ, заң жүзіндегі сауатсыздығынан Конституциялық құқығын да пайдалана алмайды. Сонда, Конституцияны білмейтін, оны оқымаған адамда оған деген құрмет бола ма? Ал, ел мен жерге, мемлекетке, мемлекет басшысына, тіпті, өзіңе деген құрмет ата Заңға деген құрметтен, Ата Заңға деген мақтаныш сезімнен бастау алмай ма? Өйткені, тәуелсіздігіңді нығайтып, намысыңды жанып, жарқын болашағыңа жағдай жасап жатқан, елімізді айдай әлемге танытқан Ата Заң емес пе ?

Бір сөзбен айтқанда, қолданыстағы ата Заң - қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы және дамудың демократиялық жолына батыл түскен Қазақстанның өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз да өміршең құжат.

 

Досжан ӘМІР,

Ақмола облыстық сотының төрағасы

 

Новости