Төтенше жағдай туралы
22.04.2020 06:24Төтенше жағдай туралы
«Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 ақпандағы Заңына сәйкес, төтенше жағдай – азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын қорғау мүдделерiнде ғана қолданылатын және азаматтардың, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары мен бостандықтарына, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарына жекелеген шектеулер белгiлеуге жол беретiн және оларға қосымша мiндеттер жүктейтiн, мемлекеттiк органдар, ұйымдар қызметiнің ерекше құқықтық режимі болып табылатын уақытша шара.
Қазақстан Республикасының Конституциясы, аталған Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi төтенше жағдайды енгiзудiң құқықтық негiзi болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16)-тармағына сай, Қазақстан Республикасының Президенті Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнген, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейін Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді қолданады.
Төтенше жағдайды енгiзу негiздерi болатын мән-жайларға, соның ішінде, дүлей зiлзала (жер сiлкiнiсi, сел, қар көшкiнi, су тасқыны және басқалар), дағдарысты экологиялық жағдайлар, табиғи өрттер, эпидемиялар мен iндеттер, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдалуы, өнеркәсiптiк, көлiктiк және басқа авариялар, өрттер (жарылыстар), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар ауаға жайылатын (жайылу қаупi бар) авариялар, үйлер мен ғимараттардың кенеттен құлауы, су бөгеттерiнiң бұзылуы, тыныс-тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электрэнергетикалық және коммуникациялық жүйелердегi, тазарту құрылғыларындағы авариялар себеп болған және жағдайды дереу тұрақтандыруды, құқық тәртiбiн қамтамасыз етудi, қажеттi құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу үшiн жағдай жасауды талап ететiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар жатады.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң төтенше жағдайды енгiзу туралы жарлығы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресми баспа басылымдарында дереу жариялануға тиiс және барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткiзiледi.
Төтенше жағдай енгiзiлген кезде оның күшiнде болу кезеңiне мынадай негiзгi шаралар мен уақытша шектеулер:
1) қоғамдық тәртiптiң сақталуын, аса маңызды мемлекеттiк және стратегиялық объектiлердiң, сондай-ақ халықтың тыныс-тiршiлiгiн және көлiк қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң күзетілуін күшейту;
2) төтенше жағдай енгiзiлген жерде жүрiп-тұру еркiндiгiн, оның iшiнде көлiк құралдары қозғалысының еркiндiгiн шектеу;
3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлiк құралдарын тексеру;
4) төтенше жағдай енгiзiлген жерге немесе Қазақстан Республикасының аумағына кiруге, сондай-ақ олардан шығуға шектеу белгiлеу;
5) жиналыстарды, митингiлер мен демонстрацияларды, шерулер мен тосқауылдарға тұруды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды, сондай-ақ туумен, үйлену тойымен, қайтыс болумен байланысты отбасылық салт-жораларды өткізуге тыйым салу немесе шек қою;
6) ереуiлдерге және заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдiстерiне тыйым салу;
7) жарылғыш, радиоактивтi, сондай-ақ химиялық және биологиялық қауiптi заттарды пайдаланатын заңды тұлғалардың қызметiн тоқтата тұру;
8) егер төтенше мән-жайларға байланысты материалдық және мәдени құндылықтардың жойылуының, ұрлануының немесе бүлiнуiнiң нақты қаупi болса, оларды қауiпсiз аудандарға көшiру;
9) төтенше жағдай енгiзiлген жергілікті жерде ол қолданылатын бүкiл кезең iшiнде сайлау және республикалық референдумдар өткiзуге тыйым салу;
10) үкiметтiк байланысты қоспағанда, байланыс желiлері мен құралдарының қызметін тоқтата тұру көзделеді.
Сонымен қатар, төтенше жағдай енгiзiлген жерде карантин енгiзу, санитариялық-эпидемияға қарсы және iндетке қарсы iс-шараларды жүргiзу түріндегі қосымша шаралар мен уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.
Жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ лауазымды адамдар төтенше жағдай режимiнiң талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 476-бабына сәйкес, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау, соның ішінде, келу мен кетудiң ерекше режимi, белгiлi бiр жеке тұлғалар үшiн белгiленген мерзiмге белгiлi бiр жерден, өзiнiң пәтерiнен (үйiнен) кетуге тыйым салу, карантин және басқа да мiндеттi санитариялық-эпидемияға қарсы iс-шараларды өткiзу бөліктерінде орындамау, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Біржан сал аудандық
сотының судьясы Ә.Оразов